12
наурыз
2024
ШӘКІРТТЕРІН ҚЫРАНДАЙ БАПТАҒАН ҰСТАЗ
Бүгінгі уақыт ақпараттық технологияның және ғылымның дамыған заманы. Заман кез келген адамнан әмбебап болуды талап етеді. Оның ішінде мұғалімдер де заман ағымымен бірге өзгеруі керек. Нұрланмен әңгіме барысында оның осы талаптарға сай маман екенін аңғардық. Техника саласының болашағы, оқушылардың пәнге қызығушылығын ояту, оқулық жайында өз ойларын бөлісті. Әрине, кез келген ұстаздың оқушылары мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шықпасы анық. Ал Нұрланның шәкірттері Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанған. Себебі, бұл Олимпиадаға кез келген оқушы қатыса алмайды екен.
Нұрланның оқушылары І дәрежелі дипломды жеңіп алумен қатар, Санкт-Петербургтегі техникалық университеттің де грантын қоса ұтып алған. Оқушылар кейін Ресейде білімін жалғастыра алады. Жалпы, көпшіліктің түсінігінде «қазақ балалары ғылыми пәндерге қызықпайды» деген стереотип бар. Ал бұған педагог шебердің айтатын уәжі бар.
– Қазіргі таңда техникалық ғылымдар күннен күнге көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан оқушылардың да пәнге қызығушылығын арттыру ұстаздардан үлкен күш-жігерді, білімді, заманауи көзқарасты талап етеді. Бұл тұста, оқушы пәнді өз ықыласымен таңдаса қиындығын сезбейді. Тек жүйелі оқу мен жаттығу жұмыстарын жүргізу керек, – дейді Нұрлан Нұрханұлы. Қазір сондай-ақ білім ошақтарында оқулықтар да проблема болып тұр. Пәндер түсінікті етіп аударылып, жазылған ба?
– Физика пәні – қызықты әрі күрделі. Сабыр, қайсарлық, табандылық ізденімпаз болу, жеке тұлғаның өзін-өзі жетілдіру жолдары терең еңбекті қажет етеді. Оқулықтар жаңартылған оқу мазмұнына сәйкестендіріліп, жүйелі мазмұнды жазылған. Электронды оқулықтар да жеткілікті, – деп атап өтті Н.Әлжанов.
Бұдан бөлек, ҰБТ-ның жаңартылған үлгісін құрал етіп жинақтап, алдағы 1-2 айда баспадан шығуын күтіп отыр. Кейде «қазақ оқушыларының арасынан да мықты физиктер шығу үшін олар мектеп кезінен жақсы оқып, қызығушылығы оянуы керек пе?» деген сауал туындайды. Педагог Қазақстаннан да мықты ғалымдар шығып жатқанын айтты.
–Дәлел ретінде «Педагогикалық идеялар» фестивалін айтуға болады. Ондағы тың идеяларды насихаттап, сертификаттау – үлкен жұмыс. Нәтижесінде рухани құндылықтарды дәріптейтін ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде таратылуда. Ерінбей жасаған еңбек міндетті түрде жемісін береді. Шәкірттеріме жаңа ақпараттық технологияларды жүйелі меңгеруін, әрдайым ізденістері мен тәжірибелерін ғылыми жаңалықтармен толықтырып отыруына кеңес беремін, – дейді ұстаз Н.Әлжанов. Ұстаз бүгінде шәкірттері Балауса Бөрібай, Елназ Сейілхан, Мерей Тұңғышбай, Елдана Таштай, Аяжан Камалованың жетістіктері үшін мақтан тұтады.
Біз ұрпағымыздың сапалы білім алып, қатарластарынан қалмай қажетті маманға айналғанын қалайтынымыз рас. Ал оны оқытатын әрине, саналы да білімді ұстаз. Бұл ретте Нұрлан Нұрханұлынан қолында мүмкіндігі болса, білім саласына не үлес қосқысы келетінін де сұрауды ұмытпадық.
– Алдағы жоспарларымның бірі – қазақ балаларының рухани құндылықтарын байытатын жаңа технология жасау. Мәселен, отандық өнім шығаруды жоспарлап отырмын. Қазір жасанды интеллект жүйелері сұраныста, сондықтан осы салада жұмыс істеу қажет, – деп санайды кейіпкеріміз.
Қызық дерек. Қазір ер адамдардың мұғалімдікке ұмтылуы сонау кеңес заманындағыдай емес, сиреп қалды. Дегенмен, Шымкент қаласында жалпы 3365 ер мұғалім бар, оның 2696-сы – мемлекеттік мектепте, 669 – жекеменшік мектепте жұмыс істейді екен. Қысқасы, үздік педагог
Нұрлан Әлжанов – 20-дан астам оқушысын додаларда алға сүйреп, өзі 40-қа жуық мадақтама, алғыс хат, сертификаттар мен үздік педагог атағын алған білікті маман. Адал еңбегімен жас ұрпақты білімге баулып жүр.