06
қаңтар
2026
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕС



Лицейімізде білім сапасын арттыруға, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға және білім алушыларды қорытынды бағалау кезеңдеріне сапалы дайындауға бағытталған кезекті педагогикалық кеңес ұйымдастырылды.
Педагогикалық кеңестің күн тәртібіне сәйкес функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, білімді өмірлік жағдаяттарда қолдану, пәнаралық байланыс, эксперименттік және зерттеушілік дағдыларды дамыту, сондай-ақ ЕНТ-ға психологиялық дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды.
И.О. Майлыбай 4-сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру жолдарына тоқталып, бастауыш сыныпта оқушылардың оқу, жазу, талдау, логикалық ойлау дағдыларын күнделікті өмірмен байланыстыра дамыту маңыздылығын атап өтті. Сабақ барысында мәтінмен жұмыс, тапсырмаларды саралау және практикалық бағыттағы әдістердің тиімділігі көрсетілді.
Г. Айдарова мен Н. Иргашева ББЖМ талаптарына сәйкес білімді нақты өмірлік жағдаятта қолдануға бағытталған тапсырмалар арқылы 4-сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жолдарын ұсынды. Олар оқушының алған білімін қолдану қабілетін бағалауда тапсырмалардың мазмұны мен құрылымына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Б.С. Донаева білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудың тиімді жолдарын ұсынып, оқу процесінде белсенді әдіс-тәсілдерді, жобалық жұмыстар мен зерттеу тапсырмаларын жүйелі қолданудың нәтижелілігін дәлелдеді.
М. Мамбеталиева физика пәнін оқытуда эксперименттік тапсырмаларды қолданудың тиімділігіне тоқталып, оқушылардың эксперименттік зерттеу жүргізу барысында қалыптасатын бақылау, талдау, қорытынды жасау дағдыларына сараптама жасады. Эксперимент арқылы оқушының пәнге қызығушылығы мен зерттеушілік мәдениеті артатыны атап өтілді.
С. Турапбаева мен Э. Ерескенова география сабағында картографиялық сауаттылықты арттыру жолдарын ұсынып, картамен жұмыс жасау дағдыларын бақылау мен бағалаудың тиімді тәсілдерімен бөлісті. Картамен жұмыс оқушылардың кеңістіктік ойлау қабілетін дамытуда маңызды құрал екені айтылды.
М.К. Кайрбекова мен М. Салман ББЖМ, ЕНТ және қорытынды аттестаттауға дайындық барысында пәнаралық байланысты зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Пәнаралық ықпалдастық оқушылардың білімді жүйелі қабылдауына және кешенді ойлау дағдыларының қалыптасуына ықпал ететіні айтылды.
Ә.Б. Бектаева мен Е. Пузанкова оқушылардың ЕНТ-ға психологиялық дайындық деңгейіне талдау жасап, емтихан алдындағы күйзелісті төмендету, сенімділік пен ішкі мотивацияны арттыру бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.




