22
қараша
2024
ЕҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖОБА -2024
Малайзия астанасы Куала Лумпур қаласында өткен ғылыми жобалар көрмесінде шымкенттік оқушы Әмина Сәуленбек қола жүлдеге ие болды. Пластик заттарды қайта өңдеп пайдалану әдісін ұсынған бұл жобаның қоршаған ортаны сақтауда пайдасы зор. Болашақ ғалымдар да мектеп қабырғасында шыңдалады емес пе?
KLESF немесе Kuala Lumpur Engineering Science Fair – Куала Лумпур инженерлік ғылым көрмесі орта мектеп оқушылары арасында ғылым мен технологияларға, инженерия мен математикаға (STEM) қызығушылықты арттыру мақсатында өтетін іс-шаралар бағдарламасы ретінде әлемге танымал. Биылғы ғылыми көрме 8–10 қараша аралығында өтті және оған әлемнің түрлі елінен 1 200 оқушы қатысты. Олардың арасында қазақстандық екі оқушы бар.
Әмина Шымкент қаласындағы О.Жолдасбеков атындағы №9 лицейде оқиды. Ғылыми жобаның идеясы оған үш жыл бұрын, ерікті болған кезінде келіпті.
– Біз апта сайын сенбілік ұйымдастырып жүрдік, сол кезде қоршаған ортаның ластанып кеткенін көрдім. Бұл көрініс маған ой салды. Осылайша, табиғатқа аз да болса көмек көрсетудің жолын табамын деп шештім. География пәні бойынша жоба даярлап, оны экологиямен ұштастыра зерттедім, – дейді ол.
Әмина Сәуленбек шетелдегі ауқымды көрмеге ұсынған жобасында қалдықтар мен шикізатты қайта өңдеп пайдаланудың әдісін ұсынған. Ғылыми жоба екі жарым жыл бойы дайындалды.Әмина өзінің достарымен, сыныптастарымен бірге көшедегі, қоқыс жәшіктеріндегі пластик заттарды жинап, сұрыптап, пластмасса өңдеу зауытына өткізеді, сосын химиялық және механикалық тәсілдермен қайта өңделген шикізат алады.
– Қоқысқа пластик заттардан көбінесе сөмкелер, бөтелкелер, тұрмыста қолданылатын заттар тасталады. Кейбір адамдар қоқысты қалай болса солай лақтырып, қоршаған ортаға жаны ашымайды, – дейді Әмина.
Халықаралық конкурсқа қатысу үлкен даярлық пен жауапкершілікті талап етеді. Әминаға өзі оқитын мектебі және география пәнінің мұғалімі, жоба жетекшісі Зульфия Қадырова көп қолдау көрсетті. Малайзиядағы ғылыми көрмеге қатысуды да ұсынған Зульфия Асланқызы екен. Сонымен қатар «Ғылымдағы балалар» жобасының жетекшісі Ләззат Құсайынова оқушыларды Малайзияға бастап апарып, оларды куратор ретінде дүниежүзілік көрмеге дайындауға атсалысты.
– Біз халықаралық конкурстарға жобаларды іріктеген кезде, ең алдымен, оның орындалу сапасы мен болашақтағы әлеуетін бағалаймыз. Одан кейін жоба авторларына ақыл-кеңес беріп, конкурс талаптарына сай дайындық жүргіземіз. Жұмыс барысында балалар жобасын шыңдап, егжей-тегжейлі жетілдіреді, конкурс қазыларының алдында қорғауға дайындалады. Мен балаларын қолдайтын, білімге құлшындыратын ата-аналарды көргенде риза боламын. Баланың ең басты тәлімгері – ата-анасы, – дейді Ләззат Абайқызы.
Міне, осылай отбасының және мектебінің қолдауымен Әминаның жобасы әлемнің әр елінен мыңнан астам оқушы бағын сынап, өзін дәлелдеуге келген көрмеде үздіктер қатарында аталып, қола жүлдегер атанды.
– Бұл менің ғана жеңісім емес, халықаралық көрмеге қатысып, тәжірибе жинауым ата-анам мен мұғалімдерімнің, Ләззат Абайқызының арқасы. Мың екі жүз адам қатысқан байқауда мықты жобалар көп болды, менің жобамның әлемдегі сұранысқа ие және ең үздік жобалардың бірі болғанына қуаныштымын. Қазылар алқасы өз ісінің маманы екен, әрбір қатысушыға ерекше көңіл бөліп, олардың сөзін мұқият тыңдады. Әрбір қатысушыға өз жобасын егжей-тегжейлі көрсетуге мүмкіндік берілді. Қорытынды кезеңде 1 200 қатысушы арасынан 3-орын алғанымды білгенде, сөзбен түсіндіре алмайтын сезімге бөлендім. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, өзімді бақытты санаймын, – деп қуанышын бөлісті Әмина.
«Мектептегі ғылыми жобалар, зерттеу жұмыстары оқушылардың болашақ мамандығын таңдауына, өзінің қабілетін дамытуына, табысты әрі қоғамға қажет сезінуі үшін өте маңызды, – деді бізге Әминаның жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Зульфия Кадырова. – Ғылым деген өте қызық сала ғой. Біз Әминамен бірге күрделі жолдан өттік, оның білімін, машық-дағдыларын жоғары деңгейде көрсетуге тырыстық. Экология тақырыбы бүкіл әлем үшін өзекті. Алдыңа мақсат қойсаң, кез келген кедергіні жеңуге болады. Оның ата-анасына алғысым шексіз. Біз оқушымызға сендік, ол үмітімізді ақтап, өзінің білімді, ақылды, креативті екенін көрсетті. Бұл жолда тоқтап қалмаймыз, жаңа жобаларда әлі талай жаңа білімді игереміз».
Әмина шетелдегі түрлі байқауларға қатысу біліміңді, шешендік қабілетіңді, өзіңе сенімділігіңді және тұлғалық қасиетіңді дамытуға мүмкіндік береді дейді: «Мен Куала Лумпур қаласында басқа елдердің оқушыларымен сөйлестім, шынын айтсам, олардың ойлау жүйесіне таңғалдым. Олардың әрқайсысының өз ойы, пікірі, өз жобасы бар. Көптеген жобалар жасанды интеллект технологиялары жөнінде болды, олар туралы біраз нәрсені білдім. Мұның бәрі маған өте қызық».
Малайзиядан оралған Әминаны Шымкент әуежайында ата-анасы, мектептегі достары, сыныптастары мен мұғалімдері плакаттар ұстап, үлкен қошеметпен қарсы алды. Тек спортта емес, ғылымға құлаш ұрған балаларды да көпшілік болып құрметтеп қарсы алудың жөні бөлек, оң үрдіс екені рас. Бұл өскелең жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Куала Лумпур қаласында өткен ғылыми жобалар көрмесінде үшінші орын алған Әмина Сәуленбек болашақта экология саласының маманы болуды қалайды, және ол өз жобасын әрі қарай дамытып, еліміздің жасыл экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Білімге құштар, ғылымға ынтық, ағылшын тілін меңгерген талапты, ізденімпаз жастың арманына жететініне сенімдіміз.