16
қаңтар
2026
“ БАЛА-БІЗДІҢ ЕРТЕҢІМІЗ !” ТАҚЫРЫБЫНДА ІІ АУЫСЫМ СЫНЫПТАРЫНЫҢ АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде бүгін ІІ ауысым сыныптарының «Бала – біздің ертеңіміз!» тақырыбында ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, оқу мен тәрбие үдерісіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиналыс барысында II тоқсанның қорытындысы шығарылып, оқушылардың оқу үлгерімі, оң өзгерістер мен әлі де назар аударуды қажет ететін тұстар сараланды. Ата-аналарға білім сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер таныстырылды.
Сонымен қатар БЖБ және ТЖБ өткізу кестелері бойынша жиынтық бағалаудың мерзімдері мен талаптары түсіндіріліп, ата-аналардың бағалау жүйесіне қатысты сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
Қосымша сабақтар тақырыбы аясында оқуда қолдауды қажет ететін оқушыларға арналған консультациялар мен қосымша сабақтардың кестесі ұсынылып, әр баланың білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету басты назарда екені айтылды.
Жиналыста II тоқсандағы тәрбие жұмысының қорытындысы да қамтылды. Өткізілген сынып сағаттарының тақырыптары, ұйымдастырылған іс-шаралар, оқушылардың белсенділігі мен жетістіктері атап өтіліп, тәртіп, кешігу және сабаққа қатысу мәселелері бойынша ата-аналармен бірлескен шешу жолдары қарастырылды.
«Бала – біздің ертеңіміз!» тақырыбы аясында мектеп пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары кеңінен қозғалып, бала тәрбиесіндегі бірлік пен өзара қолдаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Жиын соңында III тоқсанға арналған сыныптың жұмыс жоспары таныстырылып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. «Әртүрлі» бөлімінде ата-аналардың сұрақтары тыңдалып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Бұл жиналыс мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бала болашағы үшін бірлесіп әрекет етудің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.











