15
қаңтар
2026
КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ КЕЗДЕСУІ
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде 11-сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру жұмысы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Авиация қызметі өкілдерімен мазмұнды әрі тағылымы жоғары ақпараттық кездесу өткізілді.
Кездесудің басты мақсаты – жас түлектерге авиация саласының маңыздылығын таныстыру, отансүйгіштік рухты нығайту және болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт беру болды. Іс-шара барысында сала мамандары авиация қызметінің негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып, әскери және азаматтық авиация мамандықтарының ерекшеліктері, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы кеңінен әңгімеледі.
Оқушыларға авиация саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарына түсу талаптары, үміткерлерді іріктеу кезеңдері, оқу мерзімі, оқу барысындағы тәртіп пен жауапкершілік, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі қызметтік мүмкіндіктер мен мансаптық өсу жолдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар, қызметке қабылдау кезінде қойылатын медициналық, кәсіби және психологиялық талаптар жан-жақты баяндалып, болашақ маман иелеріне қойылатын жоғары жауапкершілік пен төзімділік талаптары ерекше атап өтілді.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын еркін қойып, сала өкілдерінен нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға және мақсат қоя білуіне оң әсерін тигізді.
Аталған іс-шара оқушылардың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға, ел қауіпсіздігіне қызмет етуге деген жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ еңбекқорлық, тәртіп, батылдық, адалдық сияқты маңызды құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етті.
Осындай мазмұнды кездесулер – жас ұрпақтың саналы таңдау жасап, ел болашағына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуына берік негіз қалайды.

